ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының «Асыл сөз» сұхбат жобасы өз жалғасын тауып келеді. Алдыңғы санымызда онлайн басқосу ұйымдастырып, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбековтен сұхбат алдық. Бүгін мекеме ғимаратына коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген карантин талаптарын сақтай отырып жазушы, Мемлекеттік сыйлықтай лауреаты Сәбит Досановты қонаққа шақырдық.
Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан жазушы ақсақалдың көтеріңкі көңіл-күйі, тың қалпы ұжым қызметкерлерін қуантты. Сұхбат төріне келген қонақ өз кәдесін жасап, әңгіме алдында өзі туралы жарияланған мақалалары бар газет-журналдар мен өзінің кітаптарын үлестірді. Кітап деген құдіреттің қадірін ерекше білетін Кітап палатасының қызметкерлері үшін бұл – сыйлықтың үлкені.
Сұхбат алаңында мекеме директоры Әділ Қаженбайұлы мен директор орынбасарлары Маралтай Райымбекұлы, Толқын Салменбаева және бөлім басшылары, ұзын-саны он адам карантин талаптарының бір бөлігі – әлеуметтік қашықтықты сақтап жайғасты. Ұжымның басқа қызметкерлері ZOOM бейнеконференциясы арқылы сұхбат барысын өз кабинеттерінде көріп отырды.
Сәбит Айтмұханұлы өзінің бала күнінен бастап, аралас-құралас болып, үзеңгі қағыстырып жүріп араласқан қазақтың қабырғалы азаматтары туралы естеліктерін, өзінің шығармашылық жолы туралы қызықты әңгімелерін айтты. Дидарласу сәті үш сағатқа жуық уақытқа созылды.
«Ф.Достоевскийдің «Әлемді махаббат құтқарады» деген сөзіне мен «Әлемді мейірімділік, қайырымдылық және достық құтқарады» дегенді қосамын. Заман қиындады. Біз жан-жағымызға мейірім көрсетпесек, досқа адал болмасақ, оның нәтижесін ойлаудың өзі қорқынышты. Өз дәуірлеріңе тұтқа болыңдар!» - деп аяқтады сөзін жазушы.
Сұхбат қорытындысында ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қаженбайұлы мәртебелі қонаққа Smart Qalamger жобасы аясында жасалған Сәбит Досановтың авторлық веб-сайтының сертификатын және Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойынан естелік ретінде Абайдың бюстін сыйға тартты.
Залда Сәбит Досановтың 1966 жылы шыққан тырнақалды еңбегі «Қайырлы таң» әңгімелер мен очерктер жинақтарынан бастап жарық көрген кітаптарынан көрме ұйымдастырылды.
Сұхбаттың жазбаша слабовидящих алдағы уақытта республикалық басылымдардың бірінде жарияланады.