Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы стратегиялық әріптестікті іске асыру аясында «Жазушылардың Әдеби Шеберлік Мектебі», «Жаңа Қазақстанның Әдеби-Танымдық Панорамасы», «ТМД Елдерінің Архивтеріндегі Қазақстандық Жазушылардың Зерттеу Жұмыстары» атты үш маңызды жобаның таныстырылымына арналған баспасөз конференциясы өтті.
Конференцияда Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов пен жоба жетекшілері, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасарлары Бауыржан Жақып, Қасымхан Бегманов, Бейбіт Сарыбай аталмыш жобалардың мазмұны мен мақсаты, өткізу жолдары туралы кеңінен әңгімелеп, таныстырды. Іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас Редакторы Дәурен Қуат, «Жұлдыз» журналы Бас Редакторының орынбасары Қали Сәрсенбай және «Qazaqstan», «Abay. tv» телеарналары, «Қазақ әдебиеті», «Egemen Qazaqstan», «Ана тілі», «Turkistan» газеттері мен «Жұлдыз» журналының тілшілері мен әдебиетсүйер қауым да бой көрсетті.
«Мемлекет басшысы «стратегиялық әріптестік» туралы үкіметке тапсырма берген болатын. Сол тапсырма орындалды деп есептейміз. Себебі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің архив құжаттама жөніндегі кітапісі комитеті мәдениет және өнер саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерттеу және оны танымал ету, архив ісін жүзеге асырудың тиімділігін арттыру бағытындағы мемлекеттік тапсырыспен стратегиялық тапсырысты іске асыруға арналған конкурста Қазақстан Жазушылар одағы үш жобаны жеңіп алды. Үш жоба да қазіргі таңда Қазақстан жазушыларына, қазақ әдебиетіне өте керекті жобалар. Биылғы жылдың екінші жартысында аталмыш жобаларды толықтай орындауға ұйымдастырушылар дайын.
Біз қашан да жас таланттарға мүмкіндік туғызып, өзінің шығармашылық кеңістігін кеңейту үшін осындай мүмкіндіктер жасағанымыз дұрыс деп ойлаймыз. Бұл жобалар, осындай іргелі істердің алғашқы бастауы болғалы тұр. «Қазақ әдебиеті» газетіне осы үш жоба туралы жариялағанда сұраныстың көптігін байқадық. Ізденушілер, жобаға қатысқысы келетін таланттардың көптігі бізді қуантты» - деді Мереке Құлкенов.
Жиын соңында БАҚ өкілдері ұйымдастырушыларға сұрақ қойып жоба туралы толық мәлімет алды.