Бүгін қазақтың бас ақыны – Ұлы Абайдың туған күні атап өтілді
Ұлт руханиятының қазынасы, әдебиетіміздің жауһары, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың туған күні Алматыдағы Ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, еске алумен басталды. Жиынға Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов бастаған ақын-жазушылар қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
«Қадірлі қазақ елі, Ұлы Абайдың поэзиясын жүрегімен түсінетін поэзия сүйермендер, бүгінгі ұлы той құтты болсын. Бұл күнді – қазақтың ұлттық мерекесі деп есептейміз. Себебі, дәл осы күні қазақтың Ұлы ақыны, кемеңгері, ағартушысы – Абай Құнанбаев дүниеге келген. Абай – әр қазақтың мақтанышы», - деді Мереке Құлкенов өз құттықтауында.
Жиын барысында, ақындар жыр арнап, мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа оқыды.
Мерейлі күннің жалғасы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында «Өлең – сөздің патшасы...» атты мерекелік іс-шарамен жалғасты. Шарада Абай өлеңдерін мәнерлеп оқып, әндерін шырқап, жас ақындар Абайға арнаған өлеңдерін тарту етті.
Сондай-ақ, «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Абай мұрасы – Қазақ қазынасы» атты әдеби-музыкалық қойылым көрсетілді.