ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ
JAZUSHY.KZ
«Простор» журналының тарихы  
Басты бет / «Простор» журналы тарихы
«Простор» журналының тарихы
10.07.2024

«Простор» әдеби журналы – сан жылдардан бері оқырманды сүйсінтіп келе жатқан Қазақстандағы орыс тілді басылым. Қазақстан Жазушылар одағына қарасты үш басылымның бірі. 

«Простор» ең алғаш «Казахстан» (1933) деген атпен жарық көрген. Одан кейінгі жылдары «Советская литература Казахстана» (1934), «Литературный Казахстан» (1935–1939) және «Литература и искусство Казахстана» (1939–1941) деген атаулармен журнал ретінде басылды. Соғыстан кейінгі жылдары «Казахстан» (1946) альманахы, «Советский Казахстан» (1953–1959) журналдары болды. 1960 жылдан бастап «Простор» деп аталады.

1960-1970 жылдары «Простор» журналы КСРО көлемінде үлкен танымалдыққа ие болды. Бұл кезеңде оны көрнекті орыс жазушысы И.П.Шухов басқарды. Ол өз дәуіріндегі талантты қаламгерлер М.Симашко, И.Шеголихин, Ю.Герт, В.Антонов, Н.Ровенский, Г.Черноголовин, Р.Тамариндерді редакцияға тартып, журналмен бірлесіп жұмыс істеуге жұмылдыра алды. «Простор» журналында өз кезінде белгілі дәрежеде тыйым салынған А.Ахматованың, М.Цветаеваның, О.Мандельштамның өлеңдері, А.Платонов пен Б.Пастернактың белгісіз еңбектері жарияланды. «Простор» П.Васильев пен А.Сорокиннің ұмытылып бара жатқан есімдерін жаңғыртып, қайтадан жарыққа шығарды. Журнал беттерінде булгаковтанудың негізін қалаған алғашқы материалдар пайда болды. Орыс тілді басылымдардың ішінде бірінші болып орыс тілінде Шәкәрім Құдайбердіұлының, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың және басқа да қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын жариялаған «Простор» журналы болды.

«Простор» журналында жарияланып, резонанс тудырған шығармалар қатарында Ілияс Есенберлиннің әйгілі «Көшпенділер» трилогиясына енген «Хан Кене» романы, әлі күнге оқырманын жоғалтпаған Фредерик Форсайттың «Джекалдың күні» («День Шакала») романы және В.Успенскийдің «Көсемнің құпия кеңесшісі» («Тайный советник вождя») романы оқырмандар тарапынан үлкен сұранысқа ие болды. Соның арқасында журналдың таралымы 50 мың данадан 160 мыңға дейін артты.